» » Cан қырлы Сарыбаев

Cан қырлы Сарыбаев

04 март 2020, Среда
11
0
Алматыдағы Ұлттық кітап­ха­нада көрнекті түрколог-ға­лым, Қазақстан Ұлттық ғы­лым академиясы­ның ака­де­мигі Шора Сарыбаев­тың 95 жылдық мерейтойына ар­­нал­­ған дөңгелек үстел өтті. Шараны ғалым қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеген Қайнар академиясы ұйым­дас­тырды.
Бұл күні ел ғылымы мен білі­мі­не өлшеусіз үлес қосып, отан­дық тіл ғылымының халықаралық деңгейде танылуына, түрік дүние­сін­де өзіндік орнын алуына елеу­лі еңбек сіңірген ғалымның тағы­лым­дық-танымдық еңбектері мен ғұмырлық ғибраты туралы оның көзін көрген, бірге жүрген әріп­тестері, ізбасар-шәкірттері әңгіме айтты.
Академик Ш.Сарыбаевтың тұл­ғалық келбетін жан-жақты қа­растыру үшін ғалымның ең­бек­­терінің мәнін терең түсіну керек. Оның қазақ тілінің өзекті са­лаларының, атап айтқанда қа­зақ тілі тарихы, диалектология, лек­сикология, лексикография, грам­матиканың көкейкесті мә­се­лелерін көтерген 300-ден астам ғылыми мақалаларындағы, моно­гра­фиялық еңбектердегі, оқу­лықтары мен сөздіктеріндегі қарас­тырылған зерттеулерін терең зерделеу қажет.


«Шора ағамыз өте әмбебап кісі еді. Абай айтқандай, ақырын жүріп, анық басатын». Түркі ака­де­миясының президенті бо­лып тағайындалғаннан кейін көп ұзамай Шора ағамызға аман­дасуға келдім. «Рәбиға Сыз­ды­­қова апамыздың, Әбдуәлі Қайдар ағамыздың кітапханасын Түркі академиясының кітапха­насына алдық. Қатар жүрген үш тұл­ға­сыз­дар, сіздің де кі­тап­ханаңызды Түркі академиясына алсақ» деген тіле­гімізді жеткізгенімізде, ол кісі  «Мен әлі ғылымнан қол үз­ген жоқ­пын» деген болатын. Бірақ аға­мыз үйін аралатып көр­сетті. Музей аралағандай бол­дық», – деді Халықаралық түркі ака­де­мия­сының президен­ті, «Еге­мен Қазақстан» республика­лық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.
Шора Шамғалиұлының еңбек кі­тапшасында екі-ақ мекеме бар. Біріншісі – А.Байтұрсынов атын­дағы Тіл білімі институты болса, онда 50 жыл жұмыс істе­ген. Кейінгі 18 жылында Қайнар уни­верситетінде қызмет етті. Ғалым – әдемі қартаюдың үлгісін көрсетіп кеткен абыз қария. Ол – жұмыс үстелінің үстінде отырып өмірден озған кісі. Тоқсаннан асса да әлі талай еңбек етем деген мақ­саты болды.
«Шөкеңді өте жақсы білем деу­ге болады. Ол кісі өнерге, мә­­де­­ниетке өте жақын еді. Еуро­па, шығыс тілдерінде жақсы ән ай­­татын. Шөкең анекдотты тың­дар­­манға жеткізіп айта білетін. Екі мыңға жуық анекдоттың ба­сын құрастырып, жинақ шы­­ғар­­ған. «Бізге ауырсаңдар дәрі ішу­­дің керегі жоқ, ауруды күл­кі­мен емдеу керек. Күлкі тера­пия­сын пайдаланған жөн» деп отыратын. Күлкінің 70 түрін аш­қан. Ол қандай талантты, ұлы бол­са, өмірде сондай сыпайы және қа­рапайым болатын», – дей­ді А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас қыз­мет­ке­рі Зейнеп Базарбаева.
Бұл күні Сарыбаевтар динас­тия­сының қазақ өміріндегі орны да айтылды. Талғат Сарыбаев – та­лантты музыкант, сазгер-ән­ші болса, Болат Сарыбаев қазақтың көне аспаптарын жинап, музей ашқан. Ұлы Қайрат – белгілі мем­ле­кеттік қызметкер және дип­ло­мат. Қызы Майра – белгілі ғалым. Бұл династия қазақ рухани өміріне өлшеусіз үлес қосып келеді. Шора Сарыбаев – шәкіртке бай ұлы ұс­таз. Артында іздеушісі болып жүр­ген шәкірттерінің арқасында ға­лы­мның 95 жылдық мерейтойы да өз деңгейінде атап өтілуде.
Өмірінің соңына дейін ізде­ніс­те болған ғалымның әлі де бұ­рын еш жерде жарияланбаған ең­бектері баршылық. Сондықтан Сары­баевтың шын келбетін ашу істері енді ғана басталды деуге болады.
 
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ
Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры