Шора Шамғалиұлы Сарыбаев (2 наурыз 1925 жылы, Ташкент — 2 мамыр 2018 жылы, Алматы) — ғалым. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақ КСРнің Еңбегі сіңген ғылым қайраткері (1985). Қазақстан Білім Беру ісінің Құрметті қызыметкері.
Шора Шамғалиұлы Сарыбаев 1925 жылы наурыз айының 2-сі күні Ташкент қаласында атақты ағартушы, әдіскер ғалым Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың отбасында дүниеге келген. Байұлы тайпасының Байбақты руының Бұғанай бөлімінен шыққан.Алматы қаласындағы №12 қазақ орта мектебін тәмамдаған. ҚазМУ-ды (1950), оның аспирантурасын (1953) бітірген. 1954 жылы профессор М.Балақаевтың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі одағайлар» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Содан соң Шора Шамғалиұлының лингвистика саласында үздіксіз еңбек жолы басталады. Қазақтан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында алғаш аға ғылыми қызметкер, одан соң қазақ тілі тарихы мен диалектология бөлімінің меңгерушісі, осы институттың директорының орынбасары. 1954 — 95 ж. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы бөлімінің меңгерушісі (1954 — 60, 1967 — 95), институт директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 1995 жылдан осы институттың бас ғылыми қызметкері.
Ғылыми-зерттеу еңбектері диалектология, морфология, лексикология, лексикография, библиография, тіл тарихы, аударма, есімнама, алтаистика мәселелеріне арналған. 250-ден астам ғылыми мақалалар мен оқулықтары, монографиялары жарық көрген. Сарыбаев профессор Аманжоловтың тілдегі диалектілерді топтау теориясын әрі қарай дамытты, диалектология саласындағы терминдердің қалыптасуына атсалысты. “Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігін” (1966), “Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігін” (1969), “Жаңа атаулар сөздігін” (1992) құрастырушылардың бірі. “Қазақтың аймақтық лексикографиясы” (1976) монографиясы — түркітану ғылымында аймақтық лексикография теориясына арналған алғашқы еңбек. Сарыбаев “Қазақ тіл білімінің библиографиялық көрсеткіші” атты 6 томдық (1-т. 1965; 2-т. 1971; 3-т. 1977; 4-т. 1982; 5-т. 1987; 6-т. 1994) еңбегі арқылы қазақ тіл білімінің тарихын зерттеу ісіне зор үлес қосты. Ол “Түркітану әдебиетінің библиографиясын” (1989) бастырып шығарды. Қазақ тіл білімі саласында қорғалған 1000 кандидаттық, докторлық диссертацияларының библиографиялық көрсеткішін құрастырды (2000). Ол 1965 ж. АҚШ-тағы Гарвард корпорациясының мүшелігіне сайланған, ГФР-да (1975), Түркияда (1994) өткен халықар. конгресс, конференцияларда баяндамалар жасаған. 2018 жылдың 2 мамырында 94 жасына қараған шағында дүниеден озды.
Шора Шамғалиұлының жетекшілігімен 15 ғалым диссертация қорғады. Ғ.Қалиевпен бірігіп жазған «Қазақ диалектологиясы» оқулығы -университеттердің филология факультеттерінің студенттерінің іздеп жүріп оқитын кітабы. Профессор Ш.Сарыбаевтың көп жылдан бері үзбей айналысып келе жатқан саласы – қазақ тіл білімінің тарихы. Осы саладағы бай мұраны жинақтап, ғылыми жүйеге түсіре отырып, профессор Қ.Жұбановтың есіміне арнап «Қазақ тіл білімінің библиографиялық көрсеткішін» жарыққа шықты
Шығармалары
- Междометие в казахском языке, А., 1959;
- Қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздер, А., 1960;
- Современный казахский язык, А., 1962 (телавт.);
- Қазақ тілінің грамматикасы, А., 1966 (телавт.);
- Қазақ диалектологиясы, А., 1967 (телавт.);
- Қазақ, моңғол тілдерінің туыстығы жайлы, А., 1967;
- Монгольско-казахские лексические параллели, А., 1971;
- Қазақ тілінің тарихи грамматикасы, А., 1975 (телавт.);
- Казахская региональная лексикография, А., 1976;
- Қазақ тіліндегі аймақтық лексика, А., 1989 (телавт.);
- Қазақ тіл білімі мәселелері, А., 2000;
- Қазақ тілінің аймақтық сөздігі, А., 2005 (телавт.).
Ғылыми атақтары
- 1977 жылы Филология ғылымдарының докторы құрметті ғылыми атағы;
- 1979 жылы профессор құрметті ғылыми атағы;
- 2003 жылдан Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі.
Мемлекеттік марапаттары
- Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы;
- 1985 жылы «Қазақ КСРнің Еңбек сіңірген ғылым қайраткері» құрметті атағы берілді;
- 1985 жылы КСРОның «Еңбек ардагері» құрметті медалі;
- 2001 жылы елбасының жарлығымен «Құрмет ордені» мен марапатталды.
- 2005 жылы «Ұлы Отан соғысына 60 жыл» медалі;
- 2005 жылы «Қазақстан Білім Беру ісінің Құрметті қызыметкері» құрметті атағы;
- 2007 жылы жоғарғы президент жарлығы бойынша мемлекеттік марапат «Парасат ордені» мен марапаттады;
- Көптеген медалдармен марапатталған.